Мылтықбаева Ләззат Аманбековна — металлургия, минералдық шикізатты қайта өңдеу, ғылыми-техникалық бағдарламаларды басқару және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру саласындағы маман. Қазақстан Республикасының жетекші ғылыми ұйымдарында ғылыми-зерттеу, сараптамалық және басқарушылық жұмыс бойынша 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Кәсіби қызметі барысында металлургия саласын дамытуға, жаңа материалдар мен минералдық шикізатты қайта өңдеу технологияларын жасауға, сондай-ақ инновациялық әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізуге бағытталған іргелі және қолданбалы зерттеулерді іске асыруға қатысты.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру, ғылыми-техникалық сараптама жүргізу, инновациялық жобаларды сүйемелдеу және мемлекеттік даму институттарымен өзара іс-қимыл жасау бойынша елеулі тәжірибеге ие. Әр жылдары ғылыми-зерттеу институттарында, ұлттық ғылыми-технологиялық ұйымдарда және «Ғылым қоры» АҚ-да басшылық лауазымдарды атқарып, ғылыми-техникалық сараптама, инвестициялар, инновациялық даму және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелеріне жетекшілік етті.
Білімі:
- В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті), металлургия факультеті
Мамандығы: «Металлургиялық процестердің физика-химиялық зерттеулері»
Біліктілігі: инженер-металлург
Кәсіби қызметі:
- 1984–1995 жж. – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті: инженер, аға инженер, аспирант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер.
- 1996–2006 жж. – Металлургия және байыту институты: кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғылыми жұмыс жөніндегі директордың орынбасары.
- 2006–2007 жж. – «Химиялық-технологиялық зерттеулер орталығы» РМК, бас директордың орынбасары.
- 2007–2010 жж. – «Жер туралы ғылымдар, металлургия және байыту орталығы» АҚ, вице-президент.
- 2010–2015 жж. – «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ, Басқарма төрағасының орынбасары.
- 2016–2025 жж. – «Ғылым қоры» АҚ: басқарушы директор, сараптама, инвестициялар және жаңа жобалар департаменттерінің, ақпараттық-талдау департаментінің директоры, Басқарма төрағасының кеңесшісі.
Негізгі құзыреттері
- Ғылыми-техникалық және инновациялық жобаларды басқару.
- Түсті және сирек металдар металлургиясы.
- Минералдық шикізатты қайта өңдеу және жаңа материалдар алу.
- Ғылыми-техникалық сараптама және ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру.
- Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру және сүйемелдеу.
Іске асырылған жобалар
- Павлодар алюминий зауытының технологияларын жетілдіру бойынша ғылыми-техникалық жобаларға қатысу.
- Қазақстанның кондициялық емес алюминийлі шикізатын қайта өңдеу және глинозем өндірісіне арналған импортты алмастыратын өнім жасау бойынша зерттеулер мен әзірлемелер.
- «Кондициялық емес глиноземді шикізатты гидротермалды сілтілік шаймалаудың теориялық заңдылықтарын жасау» жобасының ғылыми жетекшісі (2003–2005 жж.).
- Металдарды қорғауға арналған экологиялық таза коррозияға қарсы лак-бояу материалдарын жасау жобасының ғылыми жетекшісі (2006 ж.).
- Сирек жер элементтерін бөліп ала отырып, алюмосиликатты шикізатты кешенді қайта өңдеу және мұнай мен газ конденсаттарының құрамы мен қасиеттерін болжау бойынша жобалардың ғылыми жетекшісі (2007–2009 жж.).
- «Глинозем өндірісінің жартылай өнімдерінен нанодисперсті алюминий оксидін алу технологиясын әзірлеу» жобасының ғылыми жетекшісі (2012–2014 жж.).
Ғылыми жетістіктері
- Ғылыми-зерттеу жұмысындағы өтілі – 30 жылдан астам.
- 100-ден астам ғылыми жарияланымның авторы.
- 3 алдын ала патенттің, 7 инновациялық патенттің және өнертабысқа 5 патенттің тең авторы.













